Мазмұнға өту
qsq

Технология әлемі

ЖИ-ге жұмсалатын қаржы өсіп жатқанымен, инвесторлардың сенімі азайды

Технология компанияларының табысы күткенге жетпей, инвесторлар акцияларын сата бастады. OpenAI да көздеген қаржысын тарта алмай, жоспарын қысқартты. Ал Air Astana спутниктік интернеті бар алғашқы ұшағын рейске шығарды.

Не болып жатыр?

ЖИ шығыны өсіп, табыс күткенге жетпеген соң инвесторлар акцияларын сата бастады

Технология компаниялары ЖИ-ге жүздеген миллиард доллар жұмсап жатыр, бірақ табысы күткен деңгейге жете бермейді. Инвесторлар бұл шығын қашан ақталатынына күмәндана бастады. Intel алдағы түсімі күткеннен аз болатынын, ал шығынын арттыратынын хабарлаған соң, акциясы жұмада 28% арзандады.

Binance-тен миллиардтаған доллар шығарылды

6,3 млрд доллар ұрланғаннан кейін клиенттер биржаға салғанынан 3,6 млрд доллар артық ақша шығарды. Binance шығынды өзі өтейтінін мәлімдеді.

Air Astana ұшағында спутниктік интернет пайда болды

Спутниктік интернеті бар алғашқы ұшақ Алматыдан Ташкентке ұшты. Осы бортта барлық жолаушы интернетті 2027 жылғы 31 қаңтарға дейін тегін пайдалана алады. Кейін тегін қолжетімділік билет класы мен Nomad Club мәртебесіне байланысты болады. Сол жыл бойы басқа A321LR ұшақтарына да интернет орнатылады.

Стартаптар мен бизнес

OpenAI күткен қаржысын тарта алмай, жоспарын қысқартты

OpenAI инвесторлардан 30 млрд доллар тартуды жоспарлаған, бірақ кейбір ірі инвесторлар ақша салуға аса қызықпаған. Компания көздеген сомасын 20 миллиардқа азайтып, өзінің бағасын да төмендеткен. Әзірге инвесторлар шамамен 11 млрд доллар салуға келіскен.

Бәсекелестің мықты көрінуі сізді тоқтатпасын

Бәсекелестің әдемі сайты мен дайын өніміне қарап, өз идеяңыздан бас тартуға асықпаған жөн. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, оның клиенті мен табысы аз болуы мүмкін. Бен Хьюстон өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, бәсекелеске алаңдаудан гөрі клиентке не керек екенін түсініп, ақша төлеуге тұрарлық өнім жасауға көңіл бөлуге кеңес береді.

Сатып алуды ЖИ агентіне тапсырсақ, төлем қалай өзгереді?

Төлем кезінде ұзақ тіркелу мен түсініксіз формалар адамды тоқтатуы мүмкін, ал ЖИ агенті мұндай кедергілерден оңайырақ өтеді. Ол адамның қалауына қарай жеңілдік пен бонустарды салыстырып, тиімді төлем тәсілін іздейді. Сондықтан банктер мен дүкендерге болашақта адамға ғана емес, оның атынан әрекет ететін агентке де ыңғайлы қызмет ұсыну маңызды болуы мүмкін.

Құралдар мен олжалар

Hacker Books: Hacker News оқырмандары қандай кітап ұсынады?

Андрей Карпатидің HackerTube жобасынан шабыт алған автор Hacker News пікірлерінде аталған 15 мыңнан астам кітапты жинаған. Сайт жай талқыланған кітаптар мен оқуға ұсынылғандарын бөлек көрсетеді. Оларды тақырыбы мен ұсыныс санына қарай қарап, әр кітап туралы бастапқы пікірлерді оқуға болады.

2ГИС ЖИ көмекшілеріне жеткізу бағытын құруға көмектеседі

Интернет-дүкеннің ЖИ көмекшісі тапсырыс мекенжайларын тексеріп, жеткізуге кететін уақытты салыстыра алады. Ол үшін әзірлеуші көмекшіні 2ГИС деректеріне дайын MCP-сервер арқылы қосады. Осылайша мекенжай іздеу мен бағыт құруға қажет құралдарды бөлек-бөлек қосудың қажеті азаяды.

Ponytail: ЖИ артық код жазбасын десеңіз

Ponytail код жазатын ЖИ агентіне тапсырманы қарапайым жолмен шешуге көмектеседі. Ол дайын мүмкіндіктерді қайта қолдануға, ықшам шешім таңдауға және қажетсіз күрделіліктен қашуға бағыттайды. Claude Code, Codex және басқа агенттерге қосылады.

Соңында

Сүйкімсіз жобаларды жақсы көру

Табысты жобалардың да басында ешкім қызықпайтын кезі болады. Тіпті оны жасаған адам өз жобасынан ұялуы мүмкін. Карл Кортрайт мұндайда жобаны бірден тастамай, оған уақыт пен көңіл бөлу маңызды екенін жазады. Бірақ бастапқы жоспарға жабысып қалмаған жөн. Жоба басқа бағытта дамып, ойлағаннан да жақсы болып шығуы мүмкін.

Технология әлемі

Келесі шығарылымды өткізіп алмаңыз.

Кез келген уақытта жазылымнан бас тарта аласыз.