Мазмұнға өту
qsq

Технология әлемі

Alphabet бір күнде 500 млрд долларға арзандады

Cursor-дегі ресми Claude кеңейтімінің зиянды нұсқалары 5 мыңға дейін қолданушыға тараған. Ал қазақстандық Aitas Agro цифрлық бақылау арқылы жанармай шығынын жылына 18 млн теңгеге азайтқан.

Не болып жатыр?

Alphabet бір күнде 500 млрд долларға арзандады

Google-дың бас компаниясының акциялары шамамен 13% төмендеді. Іздеуден түсетін табыс бір жылда 12% өскенімен, екінші тоқсан қатарынан болжамға жетпеді. Инвесторлар ЖИ көмекшілері Google-дың іздеу бизнесіне әсер етеді деп алаңдайды. Оның үстіне компания ЖИ-ге көп ақша жұмсап жатыр.

Cursor-дегі ресми Claude кеңейтімінен зиянды код табылды

Зиянды нұсқалар 5 мыңға дейін қолданушыға тараған. Код компьютер туралы деректерді жинап, оған қашықтан жасырын кіруге жол ашуға тырысқан. Cursor бұл нұсқаларды дүкеннен алып тастады. Бірақ кеңейтімді өшіру жеткіліксіз болуы мүмкін: компьютерде бөлек зиянды файлдар қалуы ықтимал.

ChatGPT-тегі бір сілтеме жеке чаттарды оқуға жол ашқан

Parameter зерттеушілері арнайы сілтеме арқылы басқа адамның жеке чаттарын оқи алған. Ол үшін қолданушы ChatGPT-ге кіріп тұрып, сол сілтемені ашса болғаны. Ештеңе орнатудың қажеті жоқ. OpenAI бұл қатені 26 қазанда түзетті.

Стартаптар мен бизнес

Aitas Agro жанармайдан жылына 18 млн теңге қалай үнемдейді?

Қазақстандық агрохолдинг техникасының қайда жүргенін және қанша жанармай жұмсағанын экраннан бақылап отырады. Компания басшысының айтуынша, GPS пен жанармай датчиктері жылына 18 млн теңге үнемдеуге көмектескен. Тұқымды да барлық жерге бірдей емес, әр учаскеге қажет мөлшерде себеді. Соның арқасында тұқым сатып алуға шамамен 5 млн теңге аз жұмсаған.

Бағдарлама сатушылары неге әр аккаунт үшін ақы алудан бас тартып жатыр?

Бағдарламаға қосылған ЖИ клиенттің жұмысын аз қызметкермен атқаруға көмектеседі. Клиентке енді аз аккаунт керек, сондықтан әр аккаунт үшін ақы алатын сатушының табысы төмендейді. Сол себепті кей сервистер ақыны қолданушы санына емес, пайдаланған көлемге, орындалған тапсырмаға немесе клиент алған нәтижеге қарай есептеуді сынап жатыр.

Zamzar: венчурлық қаржысыз 20 жыл

Ағайынды Крис пен Майк Уайли өздері аша алмаған файлдарды басқа пішімге ауыстыру үшін Zamzar сервисін құрған. Оны қолдану үшін браузерге файлды жүктеу жеткілікті, бөлек бағдарлама орнатудың қажеті жоқ. Содан бері сервис 766 миллионнан астам файлды түрлендірген.

Құралдар мен олжалар

HackerTube: YouTube ұсыныстарынан жалыққандарға

Андрей Карпати YouTube-тағы қайталана беретін ұсыныстардан жалығып, видео іздеуге арналған бөлек сайт жасаған. HackerTube-та Hacker News оқырмандары ұсынған 6 мыңнан астам видео тақырыптарға бөлініп жиналған. Аккаунт ашпай-ақ қызық тақырыптарды қарап, жеке ұсыныстар алуға болады.

Жасау және үйрену

Жалғыз адам жүргізетін сервис қалай сенімді жұмыс істейді?

Stelae сервисін бір адам жүргізеді. Жүйе ақауларды автоматты түрде тексеріп, түзетуге тырысады. Адам көмегі қажет болса, иесіне хабар жібереді. Клиенттердің дайын сайттары бөлек хостингте сақталады, сондықтан Stelae істен шықса да, олар жұмысын жалғастырады.

Meta ЖИ жасаған тесттермен қатені алдын ала табады

Жүйе кодтағы өзгерістерді тексеріп, күмәнді нәтижелерді инженерге көрсетеді. Meta-ның айтуынша, бұл тәсіл 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке деректердің құпиялығына қатысты 74 елеулі қатені қолданушыларға жетпей анықтауға көмектескен.

Google-дан іздегенде қысқа жазамыз, ЖИ-ге жағдайымызды түсіндіреміз

iPullRank 16 мыңнан астам қолданушының Google мен ЖИ арқылы қалай іздейтінін салыстырған. Google-ға олар көбіне қысқа сөз тіркестерін жазады. Ал ЖИ-ге не керек екенін, оны не үшін іздеп отырғанын толығырақ түсіндіреді. Зерттеуде АҚШ-тағы қолданушылардың 2024 жылғы қарашада компьютерден жасаған іздеулері қаралған.

Код жазу жылдамдығы пернетақтаға байланысты емес

Код жазғанда кейде не істеу керегін түсінбей, тоқтап қаламыз. Макс Канат-Александр мұндайда құжаттаманы қарап, мәселені қағазға сызып көруге кеңес береді. Ал тапсырма тым күрделі көрінсе, оны шағын бөліктерге бөліп, қалай жасау керегі түсінікті бөлігінен бастаған жөн.

Соңында

ЖИ жазған мәтінді неге оқығымыз келмей қалады?

Мартин Фаулер кей мәтінді оқығанда оны ЖИ жазғандай сезініп, әрі қарай оқығысы келмей қалатынын айтады. ЖИ жазған мәтінді кейін түзетсең де, өз сөзіңдей естілмеуі мүмкін. Сондықтан ол алғашқы нұсқаны өзің жазуға кеңес береді. Жазып отырып, не айтқың келетінін де жақсырақ түсінесің.

Технология әлемі

Келесі шығарылымды өткізіп алмаңыз.

Кез келген уақытта жазылымнан бас тарта аласыз.